Ақтоғай ауылының бірнеше көшесінде алғаш рет асфальт төселуде
Аудан орталығында астфальт төсеу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ауылдағы жолдардың көлемі шамамен 35 километрді құрайды. 30 шақты шақырымы қанағаттанарлық жағдайда. Ал шамамен бес шақырымында мүлдем асфальт болмаған. Бүгінгі таңда жол салу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Қуаныш Пістебаев.
Шағын ауданның төртінші жолындағы көшелердің бірінде жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер «Инсталл-Строй» ЖШС қазан айының соңына дейін 362 метр жолды асфальттауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға 14 433 440 теңге бөлінді. Бүгінде жолға құм салынып, қиыршық тас төселді.
«Қоғамдық қатысу бюджеті» бірінші жобасы аясында Ақтоғай ауылындағы Байзақов көшесіне жөндеу жұмыстары тұрғындар арасында дауыс беру арқылы жүргізілген.
Ұзындығы 881 метр болатын аталған көшені жөндеуге ашық конкурс өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша «ЕрАлаш Корпорациясы» ЖШС ұтып алды. Бұл көшенің жолын жөндеуге 38 707 200 теңге сомасына келісімшарт жасалды.