Павлодарда әйелді алкогольдік өлімнен аман алып қалды

Отбасын қолдау орталығы 2025 жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы уақыт ішінде мекемеден 200-ге жуық адам көмек сұраған. Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнар Нұржанованың айтуынша, павлодарлықтар көбіне баспана, жәрдемақы, психологиялық көмекке қатысты сұрақтар қояды.
– Ең өзекті мәселелердің бірі – халықтың несиелерге тәуелділігі. Әрине, баспана кезегі сияқты мәселелерді шеше алмаймыз, бірақ мүмкіндігінше жұмысқа орналасуға, жәрдемақы рәсімдеуге көмектесеміз, психологиялық қолдау көрсетеміз, басқа да мемлекеттік қолдау түрлерін түсіндіреміз. Бұрын адамдар полициядан, жұмыспен қамту бөлімінен немесе психологтардан бөлек көмек сұраса, қазір мұның барлығын бізден, яғни бір жерден алуға болады, – дейді орталық директоры.
Стационарлық қызметтен басқа орталықта 200 адамнан тұратын мобильді топтардың болуы қуантады. Олар Павлодардың барлық шағын аудандары мен ауылдарына таралған. Мамандар сигнал бойынша кетіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсете алады.
Гүлнар Нұржанова маскүнемдіктен зардап шеккен павлодарлық тұрғынды мысалға келтірді. Орталық мамандары оның екінші өмір тауып, аяғынан тұруына көмектесті.
– Жас келіншектің физикалық және психикалық тұрғыдан шаршағаны соншалық, өтініш берген кезде оның салмағы 30 келіге де жетпейтін. Ешқандай жәрдемақы алмаған, баспанасы арестке алынған, пәтерақысы ұзақ жылдар бойы төленбеген. Ең бірінші біз оған электрондық қолтаңба ашып, медициналық тексеруден өтуге көмектесіп, АӘК-ке өтініш бердік. Бүгінде оның тұрмысы жақсарды, мемлекеттен көмек көрсетіліп, коммуналдық қарызын өтеп үлгерді. Оны маскүнемдіктен алып шықты, – дейді орталық директоры.
Мекеменің жұмысымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Эльмира Кәрімова танысты. Ол көргеніне риза екенін білдірді.
– Психологтар мен басқа сала мамандарының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған орталықтың жұмысын атап өткім келеді. Көп жұмыс атқарылып жатқаны анық. Отбасының амандығы бірінші орында тұрғандықтан, орталық мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау табады деп сенеміз, – деді Эльмира Кәрімова.
Орталыққа 111 телефоны арқылы немесе Генерал Дүйсенов көшесі, 80, 2-қабат мекенжайы бойынша жеке хабарласуыңызға болады.