Павлодарлық студенттерді Жаңа Қазақстанды таңдауға шақырды

Павлодарлық студенттерді Жаңа Қазақстанды таңдауға шақырды
Фото: автор

Сарапшылар болашақ аспаздармен жүздесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар сервис және тамақтану колледжінде депутаттар корпусы мен қалалық қоғамдық кеңес өкілдерінің студент жастармен кездесуі өтті. Іс-шара аясында ашық диалог ұйымдастырылып, жастарды толғандыратын өзекті мәселелер мен қаланың даму перспективалары талқыланады.

Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Кожин студенттерге Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы негізгі жаңашылдықтарды қысқаша таныстырып, жастарды Жаңа Қазақстанды қолдауға және өз таңдауларын жасауға шақырды. 

Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Игорь Веретнов өз сөзінде жастардың белсенді болу қажеттігін атап өтті. 

- Елдің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Әр азамат өз тағдырына өзі жауапты екенін түсінуі керек. Біз әрқашан ашық диалогқа дайынбыз және кез келген сұраққа жауап беруге әзірміз, — деді ол.

Павлодар қалалық «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов қазіргі кезеңді жасанды интеллект пен технологиялық прогресс дәуірі деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан да бұл үдерістен қалыс қалмауы тиіс, ал жаңа Конституция заман талабына сай жаңғыруға бағытталған.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттердің сұрақтарына жауап беруді және жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін талқылауды көздеген болатын.