Павлодар облысында жұмысқа орналастырудың жаңа моделі іске қосылуда

Павлодар облысында жұмысқа орналастырудың жаңа моделі іске қосылуда
Иллюстрация: AI

Жасанды интеллект қосылған жобаны сынап көруге 50 адам келісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жасанды интеллект Павлодар облысымен қатар Маңғыстау облысының тұрғындарына да жұмыс іздеумен айналыса бастады. Пилоттық жоба өңірде 1 шілдеден бастап іске қосылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бегежановтың айтуынша, «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» азаматтарды жұмыс іздеу кезеңінен бастап жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейді. Жасанды интеллект агенті еңбек нарығына мониторинг жүргізіп, жұмыс іздеушінің түйіндемесін талдап, оның талап-тілектерін, соның ішінде жалақы көлеміне қатысты қалауын ескере отырып, ең қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынады.

– Жасанды интеллект үміткердің қалауын өзі сұрайды, түрлі нұсқаларды ұсынады, түйіндемесін толтырады және хабарламалар жібереді, – деді Нұрлан Бегежанов. – Жобаның негізгі мақсаты – қызмет көрсетудің өтініш беру қағидатынан проактивті цифрлық модельге көшу. Жүйе деректерді талдау мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қажеттілікті анықтаудан бастап тұрақты жұмысқа орналасуға дейінгі барлық кезеңде азаматтарға жеке сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

50 жұмыссыз азаматтан құралған фокус-топқа әртүрлі жастағы және білім деңгейіндегі адамдар енгізілді. Олардың қатарында студенттер де, зейнет жасына таяған азаматтар да, орта және жоғары білімі бар тұрғындар да, қандастар да бар. Жобаны сынақтан өткізуге қатысушылар дауыс арқылы сауалнама толтырып, жасанды интеллект агентімен ауызша сөйлесуді таңдаған. Фокус-топ құрамында қала тұрғындары да, ауыл тұрғындары да бар.

Жүйе eGov mobile қосымшасындағы «Электрондық еңбек биржасы» бөлімі арқылы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл қызмет тек фокус-топқа қатысушылар үшін қолжетімді.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында алты мыңға жуық жұмыссыз ресми тіркелген. Өңірде токарьлар, фрезерлеушілер, дәнекерлеушілер, электр монтерлері, тігіншілер, пішушілер, кран машинистері, матростар, тәрбиеші көмекшілері және май жасаушыларға сұраныс жоғары.