Павлодарда 15-тен астам отбасы өзара сайысқа түседі
“Достық” үйінде халықаралық отбасы күніне орай “Мерейлі отбасы” байқауының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік іс-шараға Павлодар облысының үлгі тұтар 16 отбасысы жиналды. Отбасылардың ең тәжірибелісіне 55 жыл толса, ең жас отбасы 1 жыл бұрын ғана отбасы құрған.
Тәжірибелі отбасылардың бірі - Мұхтаровтар әулеті. Мұхтаровтар отбасысының неке қиғандарына 44 жыл болған.
- Қалаға көшіп келгелі 5-6 жылдай болып қалды. Бұған дейін Шарбақты ауданында тұрып, сонда қызмет атқардық. Мен 44 жылдық тәжірибем бар тарих пәнінің мұғалімімін. 4 қызымыз, 9 немере, 1шөбереміз бар. Бір бірімізге сүрінсек сүйенін, жығылсақ таяныш бола білдік. Бақыттың сыры осыда,- дейді Мұхтаровтар әулетінің отанасы Сұлушаш Қалдыбаева.
Байқаудың ашылу салтанатына отбасылық өмірден бөлек бір салада қызмет атқарып жүрген отбасылар да қатысты. Театр, полиция, білім беру саласында жүрген отбасылар да болды. Сондай-ақ іс-шараға аймақ әкімінің орынбасары Айзада Құрманова да қатысты.
- Баршаңызды осы атаулы мерекемен құттықтаймын. Әрбір отбасы шаттық пен бақыттың, бірлік пен берекенің алтын қазығы болсын. Қазақ халқы ұшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Ата-ана баланы қайырымды, ел мен жерге қызмет ететін отансүйгіш, білімді қылып тәрбиелеу керек. Бұл қағидаттарды осындай шараларды пайдаланып қоғам арасына кең таратуымыз қажет,- дейді Айзада Құрманова.
Еске сала кетейік, Мұхтаровтар әулеті былтырғы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары. Сонымен қатар, олар республикалық кезеңде Павлодар өңірінің намысын қорғап барған еді.