Павлодарда алкогольге тәуелді дебошир мәжбүрлі емдеуге жіберілді

Павлодарда алкогольге тәуелді дебошир мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Фото: жасанды интеллект

Оған бір жыл бойы алкоголь мен есірткі қолдануға тыйым салынатын ерекше талап белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда полицияға әйел адам хабарласып, өз ұлының мінез-құлқына шағымданған. 

– Ол үйде жиі айғай-шу шығарады. Мас күйінде маза бермейді, ішімдікке ақша сұрайды. Ескертуіме құлақ аспайды. Онымен бір үйде тұруға шамам қалмады, – деді әйел.

Шақырту бойынша оқиға орнына келген учаскелік инспектор жағдайды дереу тіркеп, қажетті материалдарды жинаған. Сот шешімімен ер адам алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге жіберілді. 

– Сонымен қатар оған бір жыл бойы алкоголь мен есірткі қолдануға тыйым салынатын ерекше талап белгіленді және тұрғылықты жері бойынша психологиялық көмек алуы тиіс. Тұрмыстық жанжал шығарғаны үшін ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді  қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Саят Шакаманов.

Ведомствода атап өткендей, ер адамның анасына да көмек көрсетілген. Ол қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге арналған орталыққа жіберіліп, психологтардың қолдауына ие болады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы шаһарда полиция қызметкерлері 159 азаматты ішімдікке тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге жіберген. Сонымен қатар 2757 құқық бұзушы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2460 адамға қорғаныс нұсқамасы шығарылып, оны бұзған 111 азамат жазаға тартылған.