Павлодарда бетті жабатын киім киюге тыйым салу ережелері түсіндірілуде
Хиджаб, шейла және бетті ашық қалдыратын басқа да діни киім элементтеріне тыйым салынбайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салуды көздейтін заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл түзетулердің негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарды сәйкестендіру және құқықтар мен бостандықтарды, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық тәртіпті сақтау.
– Павлодарлық полицейлер көшелерде және қоғамдық орындарда тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Жаңа заңнама осындай жағдайлардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұзушылық болып адамның бет-жүзін визуалды тануға, соның ішінде бейнебақылау камераларымен анықтауға кедергі келтіретін киімді кию табылады, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тыйым салу ауа райы жағдайлары, медициналық көрсетілімдер, Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау, қызметтік және еңбек міндеттерін орындау, азаматтық қорғау саласындағы қызмет, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу сияқты жағдайларда қолданылмайды.
– Шектеу тек тұлғаны толықтай танып-білуге кедергі келтіретін және бетті толық жабатын киім түрлеріне – балаклава, маска, никаб және тағы басқаларына қатысты. Ал бетті жаппайтын діни киім элементтері – хиджаб, шейла, химар, әл-амира және басқа да түрлері бұл талапқа жатпайды. Қолданылатын шаралар профилактикалық сипатта, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, негізгі басымдық жазалауға емес, азаматтарды құқықтық тұрғыда хабардар етуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берілген.