Павлодар облысында шенеуніктер қандай қателігі үшін жұмыстан шығарылды?
Олардың кейбірі жүйелі түрде жасаған бұзушылықпен ұсталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2024 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысында 161 сұрақ, оның ішінде 27 тәртіптік іс, 134 профилактикалық мәселе қаралды. Қаралған мәселелерінің 83 пайызы профилактикалық сипаттағы мәселелер болып табылады. Кеңес ұсыныстары, оның ішінде тәртіптік істер бойынша шешімдер толығымен орындалды.
– Тәртіптік істердің ішінде алты адамды жұмыстан босату туралы ұсыныс қабылданды. Оған қаржылық тәртіп, мемлекеттік сатып алу кезіндегі олқылықтар немесе орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу мәселелері негіз болды. Жүйелі түрде қайталанған бұзушылықтар да тіркелді. Мысалы, екі нысан бойынша орындалмаған жұмыстар үшін ақы төленді. Ол мемлекеттік қызметші ескерілген жағдайда да, екінші рет құқық бұзушылыққа барды, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров.
Оған қоса, төрт шенеунік қызметтік көлікті жеке мақсаттарына пайдаланған. Олардың бірі автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін құқық қорғау органдарымен ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша жазаланды. Бұл жағдайды агенттіктің мониторингі анықтап, тәртіптік іс қозғады. Нәтижесінде шенеунік сенбі күні таңғы сағат 5-те масаң күйде қызметтік көлікті жүргізгені үшін теріс себептермен жұмыстан шығарылды.