Павлодарда балалар музейдегі «Құпия кодтың» шешімін тапты

Павлодарда балалар музейдегі «Құпия кодтың» шешімін тапты
Фото: Константин Шелков

Шытырманға толы тапсырмалар бүлдіршіндерді ерекше қызықтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында балаларға арналған «Құпия код» квест-ойыны мен шығармашылық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. 

Іс-шараға №5 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары қатысты.

Ойын барысында қатысушылар үш топқа бөлініп, музеймен танысты. Қатысушыларға гипстен жасалған барельефтер берілді. Олар суреттерді сипап көріп, кейін музей залдарынан олардың түпнұсқаларын тапты. Бұл ойын оқушылардың зейінін арттырып, ойлау қабілеті мен бағдарлау дағдыларын дамытуға көмектесті.

Шараның басты ерекшелігі – балаларға музейдегі жәдігерлерді сақтаудың маңызын түсіндіру. Квест тапсырмалары арқылы олар мәдени мұраны қорғау, экспонаттарға ұқыпты қарау және вандализмнің алдын алу туралы ақпарат алды.

Көркемсурет музейі бұқаралық және экскурсиялық бөлімінің басшысы Аружан Мұхамеджанның айтуынша, бүгінде әр салада өзінің заңы бар. Ал музейдегі басты заң – экспонаттардың сақталуы.

Біз балаларға жәдігерлердің қоғам үшін қаншалықты құнды екенін және оларды келешек ұрпаққа жеткізудің маңызын түсіндіруді мақсат еттік. Сондықтан, квест тапсырмалары музей қорын сақтау идеясымен байланыстырылды, – деді бөлім басшысы.

Ізденіс ойыны аяқталғаннан кейін оқушылар шығармашылық шеберлік сабағына қатысты. Жеткіншектер шаңырақ, киіз үй және өзге де ұлттық нақыштағы бұйымдарды түрлі түсті бояулармен безендірді. Дайын жұмыстар қатысушыларға естелік ретінде табысталды.

Танымдық ойынға қатысқан №5 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Ульяна Двинянина музейдегі тапсырмалардың қызықты болғанын айтты.

Барельефтерді қолмен ұстап көріп, қандай картина екенін болжау өте қызық болды. Кейін сол суреттерді залдардан іздеп таптық. Маған әсіресе шеберлік сабағы ұнады, – деді ол.

Музей өкілдерінің айтуынша, мұндай танымдық және шығармашылық шаралар балалардың мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Алдағы уақытта жазғы лагерь тәрбиеленушілеріне арналған осындай жобаларды жалғастыру жоспарланып отыр.