Екібастұз ауылдық аймағында жаңа мектеп салынады

Екібастұз ауылдық аймағында жаңа мектеп салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Атығай ауылындағы мектеп бюджет немесе демеушілердің қаражаты есебінен салынады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.  Бүгінгі таңда  Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылындағы кішкентай мектеп балабақшаға арналған ғимаратта орналасқан. Аталған білім ордасы 120 орынға шақталған, ал мектептегі балалардың саны 170-ке жеткен. Сондықтан ауыл тұрғындары  жаңа мектеп салып беруді өтінген. 

Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов Атығай ауылындағы мектеп бюджет немесе демеушілердің қаражаты есебінен салынатынын жеткізді. Тамыз айында құжаттарға қол қойылуы тиіс.  

–  Ауылдарда бала  саны 150-ден асатын мектептер жоқ. Атығай расында да болашағы зор ауыл, жұмыс орындары көп. «Восточный» разрезі бар. Облыста ресми түрде үш апатты мектеп болды.  Балалардың мұндай жағдайда білім алуы дұрыс емес, спортзал мен мәжіліс залы жоқ, – деді аймақ басшысы. 

Атығай — Бәйет ауылдық округі құрамындағы ауыл, 2012 жылы құрылған.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында халықтың табысын арттыру жоспары әзірленеді. Әкім жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бір ай ішінде орташа деңгейден төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттырудың өңірлік жоспарын әзірлеуді тапсырды.