Ақсуда энергетика мамандығы бойынша кәсіби шеберліктің облыстық чемпионаты өтті
«WorldSkillsPavlodar-2024» байқауына облыстан он қатысушы бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарыс 22- 24 сәуір аралығында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде «Электр монтаждау» мамандығы бойынша ұйымдастырылды.
- Біз электр қондырғылары бойынша біліктілік орталығы болғаннан кейін, сайыс бізде өтіп жатыр. Мұнда энергетика мамандығында оқитын студенттер қатысуда. Айта кетерлігі, Ақмола облысынан келген студент облыстық жарысқа чемпионат алдында бақ сынауға келді, - дейді колледждің оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлмира Жұмаділова.
Спикердің сөзінше, әр колледж өз мамандығына сәйкес іріктеу жүргізеді. Кейін студент өтінім беріп, облыстық кезеңге қатыса алады. Биылғы жылы отыз негізгі құзыреттілік бар. Колледж аталмыш мамандыққа керек құрал жабдықтарды «Жас маман» атты республикалық жоба аясында алды.
- Қазіргі таңда электромонтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші күн - қиын күндердің бірі. Себебі кабельдардың монтажын жасау міндеттеледі. Ол тиянақтылықты талап етеді, - дейді «Электр монтаждау» мамандығы бойынша WorldSkills Kazakhstan – 2021 Ұлттық чемпионатының күміс жүлдегері, колледж түлегі, сарапшы, бағалаушы Дінмарат Асан.
Сарапшының айтуынша, сайыстың үшінші күні бағдарламалау кезеңінен тұрады. Барлық жұмыстар жасалғаннан кейін, қатысушылар тиісінше бағаланады. Тәжірибе жүзінде мамандыққа сәйкес білімдерін жетілдіру үшін студенттер зор мүмкіндік болады.
"WorldSkills Kazakhstan" жастарды кәсіптік оқытудың озық әлемдік тәжірибесін анықтау және оларды Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуге, еңбек адамының мәртебесін және техникалық мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы мамыр айында түрлі бағыттар бойынша өтетін облыс чемпионатының жабылуында шығарылады.
Сондай-ақ, байқау жеңімпазы қараша айында Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа жолдама алады.