Павлодарда балалардың жануарларға деген махаббатынан туған көрме ашылды

Павлодарда балалардың жануарларға деген махаббатынан туған көрме ашылды
Фото: автор

Көрме С.Торайғыров атындағы обылыстық кітапханада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Айна» галереясында «Scetch academy» балалар шығармашылық студиясының қолдауымен ерекше көрме ашылды. Фотограф Юлия Гирьконың айтуынша, бұл шара арқылы жануарлар мәселесіне қоғам назарын аудару көзделген. Оның сөзінше, ақпараттық кеңістікті кеңейтіп, мүмкіндігінше көп адамды қамту – негізгі мақсаттардың бірі. Суреттерде 3 жастан бастап кәмелетке толмаған балалардың жануарлармен бірге түскен сәттері бейнеленген. 

– Олар кәсіби модельдер немесе суретшілер емес, қарапайым балалар. Өйткені балалардың табиғи бейнесі мен эмоциясы жануарлармен қарым-қатынасты шынайы етіп көрсетеді, – деп атап өтті фотограф. 

«Дом приют надежд» панажайының өкілі Старина Александраның айтуынша, көрмедегі суреттердің бәрі оның панажайындағы жануарларға арналған. Ол әр жануарды жеке тағдыры бар, түрлі қиындықтан өткен, ерекше әрі қымбат тіршілік иесі ретінде көреді. Александра фотографтың жануарлардың мінезін дәл жеткізе алғанына таңданысын білдіріп, модельдердің де сәтті таңдалғанын атап өтті. Оның сөзінше, жануарлар мен балалардың бейнесі көрерменге ерекше әсер қалдырады.

– Бұл – Юлия Гирькомен бірге ұйымдастырған үшінші көрме екенін айтты. Барлық көрмеге панажайдағы жануарлар қатысып келеді. Оның пікірінше, балалардың белсенді қатысуы – үлкен жетістік. Себебі жас ұрпақты жануарларға деген сүйіспеншілік арқылы тәрбиелеу – олардың басты ұстанымы, – дейді ол 

Айтуынша, панажайда балалармен көп жұмыс жүргізіледі. Сондықтан, әр көрмеде жастардың қатысуы олар үшін үлкен маңызға ие.

Александраның пікірінше, қоғам бала тәрбиесінен басталады. Егер баланы мейірімділікке баули алсақ, ол тіршілік атаулыға адамгершілікпен қарайды. Ал бала кезден қатыгездікке үйренген ұрпақтан ізгі қоғам қалыптаспайды деп есептейді.

Көрме бір ай бойы жалғасады. Алдағы уақытта осындай ауқымды жобалар тағы ұйымдастырылмақ.