Успенде жұмысшылар арасында спорттық эстафета өтті

Успенде жұмысшылар арасында спорттық эстафета өтті
Фото: Константин Шелков

Шараға түрлі салада еңбек ететін жұмысшылардан құралған 11 команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауылының орталық стадионында ұйымдастырылған жарыста 60-тан астам адам бақ сынады. Эстафета 100 метрлік қашықтықты қамтыды және төрт кезеңге бөлінді. Әр кезеңде қатысушылар жүгіріп қана қоймай, арнайы дене жаттығуларын орындады. Атап айтқанда, секіртпемен секіру, ішке жаттығу жасау, екі келілік допты жоғары лақтыру, кеудені жерден көтеру. 

Ойын соңында қатысушы жүз метр қашықтықты кері жүгіріп өтіп, эстафетаны келесі командаласына табыстады. Әр команда бес адамнан құралды, ал жалпы нәтижені соңғы қатысушының мәреге жету уақытына қарай төреші тіркеді.

– Жеңіл атлетикалық эстафета – бұл тек спорттық жарыс емес, сонымен қатар сергектік пен командалық ауызбіршілікті көрсетудің тамаша үлгісі. Қатысушылар жақсы нәтиже көрсетуімен қатар, бір-бірін қолдап, көтеріңкі көңіл-күй мен достықты паш етті, – деді жарыстың бас төрешісі Александр Бут.

Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды 17-ӨСБ командасы, екінші орынды жастар командасы, үшінші орынды білім беру қызметкерлері командасы жеңіп алды.