Павлодарда балаларды спортқа тартуға бағытталған меморандумға қол қойылды
Кәсіпкерлер футбол және дзюдо секцияларына тегін қатысуға қолдау көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының прокуратурасы, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және қала кәсіпкерлері балалардың құқықтарын қорғау мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың негізгі мақсаты – балаларды спортқа тарту арқылы олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету.
– Қол жеткізілген келісімге сәйкес, кәсіпкерлер балаларды футбол және дзюдо секцияларына тегін қабылдауға қолдау көрсетеді. Бұл бастама балалардың спортпен жүйелі түрде айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында балаларға сыйлықтар мен спорттық киім сатып алуға арналған сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қолдау олардың спортқа қызығушылығын арттырып, белсенді өмір салтын ұстануына септігін тигізеді.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде де жалғасады. Ведомство алдағы уақытта мемлекеттік органдар, жеке сот орындаушылары және бизнес қауымдастығымен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың жан-жақты дамуы мен табысты әлеуметтенуіне жағдай жасайтын әлеуметтік жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.