Павлодар облысының бұқасы халықаралық форумда екі мәрте чемпион атанды
Бас жүлде ретінде жеңімпазға YTO маркалы жаңа доңғалақты трактор табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Железин ауданында өсірілген ангус тұқымды бұқа «Jańa Dala / Green Day 2026» халықаралық аграрлық форумында өткен «Қазақстанның үздік бұқасы» ұлттық байқауында екі мәрте жеңімпаз атанып, абсолютті чемпион атағын жеңіп алды.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылған халықаралық форум Астана маңындағы Нұресіл ауылында, «Ақтық» агрофирмасының демонстрациялық алқаптарында өтті. Агроөнеркәсіптік кешендегі ең ірі іс-шаралардың бірі саналатын форумға еліміздің түкпір-түкпірінен аграршылар, фермерлер мен селекционерлер жиналды.
Форум барысында заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, агродрондар, дәлме-дәл егіншілік жүйелері, селекциялық жаңалықтар, асыл тұқымды малдар мен фермаларға арналған жабдықтар таныстырылды. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен органикалық егіншілік мәселелері талқыланды.
Форумның ең тартымды бөлімдерінің бірі – «Қазақстанның үздік бұқасы» ұлттық байқауы болды. Байқаудың финалдық кезеңінде халықаралық қазылар алқасының шешімімен Железин ауданындағы «Astyk PV» ЖШС-не тиесілі Арчи есімді ангус тұқымды бұқа жеңімпаз деп танылды.
Жасы небәрі 18 айлық Арчидің салмағы 935 келіге жеткен. Алдымен ол ангус тұқымы бойынша «Үздік бұқа» номинациясында топ жарса, кейін барлық ет бағытындағы тұқымдардың арасынан абсолютті чемпион атағын иеленді.
Байқаудың бас демеушісі «Агротехменеджмент» компаниясы жеңімпазға YTO маркалы жаңа доңғалақты трактор сыйлады.