Павлодарда белгілі сауда үйінен өрт шықты
Жалын бірнеше сату нүктесін шарпыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Павлодар қаласында 1 қыркүйек күні таңғы сағат 06:20- да Манақбай сауда үйінде өрт шыққаны туралы 112 нөміріне хабарлама түскен.
— Оқиға орнына өрт сөндіру есептоптары жедел жіберілді. Келген бойда газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары ғимарат ішіне кіріп, барлау жұмыстарын жүргізіп, өрт ошағының бірінші қабатта екені анықталды. Онда алты бутикті жалын шарпыған, - делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер қою түтін жағдайында жұмыс істеді. Құтқарушылар өрттің таралуына жол бермей, жалынды 07:15-те оқшаулап, кейін 07:39 толықтай сөндірді.
Тілсіз жау жалпы аумағы 120 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталуда.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Өрт белгілері байқалған жағдайда дереу «112» нөміріне хабарласу қажет.