Екібастұзда оқушылар арасындағы жаппай төбелестің себебі анықталды
Ұлдар кінәларын мойындап, бітімгерлікке келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұздағы мектептердің біріндегі оқушылар арасында болған оқиға кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссияның отырысында қаралды.
– 14 пен 15 жастағы жасөспірімдер арасындағы төбелес жанжалдан туындағаны анықталды: жәбірленуші төбелеске қатысқан баланың әпкесіне балағат сөздер айтып, дөрекі сөйлеген. Бұрын таныс болмаған жасөспірімдер «еркекше» сөйлесу жолымен мәселені шешпек болған. Төбелестен кейін олар татуласты,– деді Екібастұз қаласының білім беру бөлімінде.
Білім бөліміндегілер аталған жасөспірімдердің оқуда жақсы екенін әрі спортпен айналысып жүргендерін айтады.
– Төбелеске қатысқан екі тарап кінәларын мойындап, жасаған істеріне өкінеді. Зардап шеккен бала мен оның қамқоршысы болып табылатын үлкен ағасы қорқыту мен қасақана ұрып-соғу болған жоқ деп жеткізді,– делінген хабарламада.
Бейнедегі төбелеске түсіп қалған бес баланың барлығы мектепішілік есепке қойылды. Олардың ата-аналары бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Бүгінде оқиғаның барлық қатысушыларымен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Жәбірленуші жасөспірім Екібастұздың әйгілі ММА жауынгерінің шақыруымен «Ергайыпов team» жекпе-жек секциясына қабылданды.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Екібастұз қаласында мектеп оқушылары бір баланы ұрып-соққан бейнесі таралып кетті. Облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты өтініш келіп түспегенін айтты. Алайда полицейлер өз тарапынан тексеріс ашып, істің мән-жайын анықтауға кіріскен болатын