Цифрлық технология көмегімен Павлодарда қауіпті жүргізуші анықталды
Тұрғындар қала көшелеріндегі бұзушылыққа бей-жай қарамай, тәртіп сақшыларына түрлі қауіп жайлы хабарлауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында цифрлық технологияларды қолдану жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындар мобильді қосымша арқылы полицияға бейне және аудио қоңырау шалып, сондай-ақ мәтіндік хабарлама жолдай алады.
— Мұндай жүйе полиция қызметкерлеріне оқиға орнындағы жағдайды онлайн режимде бақылап, өтініш білдірген азаматтың орналасқан жерін жедел анықтауға және қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәселен, «Омниканальность» қосымшасы арқылы қала тұрғынынан Олжабай батыр көшесінде Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызғаны туралы хабарлама түскен.
Ақпарат бірден автопатрульге жолданып, полиция қызметкерлері құқық бұзған жүргізушіні анықтап, оған қатысты әкімшілік материал толтырды. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, апатты жағдай туғызғаны үшін жүргізушіге айыппұл салды.
Полиция азаматтарды көмек қажет болған жағдайда немесе жанжал жағдайына тап болған кезде мобильді қосымша арқылы жүгінуге шақырады. Хабарласу кезінде қоңырау шалу себебін, оқиға болған мекенжайды айтып, оператордың сұрақтарына барынша нақты жауап беру қажет. Сондай-ақ оператор әңгімені аяқтағанға дейін қоңырауды үзбеу сұралады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстың негізгі ұстанымдарының бірі болып қала береді.