Павлодарда бірегей жоба ауызсуды тазартуға көмектеседі

Павлодарда бірегей жоба ауызсуды тазартуға көмектеседі
Фото Өңірлік коммуникация қызметінен

Бұл – Қазақстандағы алюминий полиоксихлоридін өндіретін жалғыз кәсіпорын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «ASCOR Өндірістік бірлестігі» ЖШС «Павлодар» арнайы экономикалық аймақ аумағында инновациялық жобаны табысты жүзеге асырып отыр.  

Кәсіпорында шығарылатын композитті коагулянттар ауызсуды тазартуда белсенді қолданылады. Ішкі нарыққа жыл сайын шамамен 13 мың тонна өнім жеткізіледі. Жоба 2015 жылдан 2022 жылға дейін дамытылып, бүгінде зауыт толық өндірістік қуатқа көшті.

Аға шебер Александр Ряписовтың айтуынша, шикізат ретінде отандық гидроксид алюминий мен тұз қышқылы пайдаланылады. Өндірістік процесс бірнеше кезеңнен тұрады.

– Шикізат бункер арқылы виброситоға түседі, онда фракцияларға бөлінеді. Қажетті фракция реакторға түсіп, оған тұз қышқылы қосылады. Қоспа белгіленген температура мен қысымда араластырылады. Реакция шамамен екі жарым сағатқа созылады, содан кейін тазартылмаған алюминий полиоксихлориді түзіледі, – дейді маман.

Одан кейін өнім қажетті бұлдырлық көрсеткіштерге жеткенше пресс-сүзгі арқылы сүзгіден өткізіледі. Дайын өнім еврокубтар немесе автоцистерналармен жеткізіледі.

Жобаға 1,1 милилард теңге инвестиция салынған. Бұл химиялық реагент Павлодар облысында ғана емес, басқа өңірлерде де сұранысқа ие. Ең ірі тапсырыс беруші – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Болашақ серіктестер қатарында сүт өнімдерін өндірушілер мен «Павлодар су арнасы» мекемесі бар.

– Алюминий полиоксихлориді судағы лай, құм, балдыр бөлшектерін біріктіріп, тұндырады. Осылайша, лас су тазартылады, – дейді мамандар.

Кәсіпорын «Павлодар» АЭА аумағында бес гектардан астам жерді алып жатыр. Өндіріс жөніндегі директор Наталья Филиппованың айтуынша, АЭА қатысушысы мәртебесі салықтық жеңілдіктер беріп, жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға мүмкіндік туғызады:

– Жас ұжым өндірісті оңтайландыру бойынша тиімді ұсыныстар айтып отырады. Біз өз мамандарымыздың пікірін ескереміз және оларды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеміз, – дейді Наталья Филиппова.

Зауыт «QazInnovations» Ұлттық инновацияларды дамыту агенттігінің инновациялық грантының иегері атанды. Бұл оның стратегиялық маңыздылығын және технологиялық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.