Павлодарлық өнім әлем нарығына жол тартады: кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?

Павлодарлық өнім әлем нарығына жол тартады: кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?
Фото: pexels.com / Fakhri Abbas

Облыстық кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеп жүрген және әлеуетті экспорттаушыларға арналған мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру семинары өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы мақсатта Астанадан арнайы түрде «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Асқар Есенғазиев пен оның орынбасары Дәурен Ауталипов келді. Кездесуді өңірлік палата директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев жүргізді. Семинарға өңір кәсіпкерлері, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, кәсіпкерлік және сауда басқармасы, «Сауда саясатын дамыту орталығы «QazTrade» АҚ өкілдері қатысты.

Мұрат Мұсатаев экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау және отандық дайын өнімді әлемдік нарыққа ілгерілету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шикізатқа тәуелділіктен арылу қажеттігін атап өтіп, елдің орнықты өсуі үшін шикізаттық емес экспортты дамытудың стратегиялық маңызын ерекше көрсетті.

– Павлодар облысы да бұл үрдістен тыс емес. Біз де экспорттаушыларды қолдау саясатын ұстанамыз. 2025 жылдың он бір айында өңірден экспорт көлемі шамамен 3,2 миллиард долларды құрады, оның ішінде шикізаттық емес экспорт – 2,1 миллиард доллар. Жалпы экспорт көлемінде өңделген өнім үлесі 65 пайыздан асады. Оның басым бөлігін металлургия, тау-кен өндіру, химия өнеркәсібі, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының өнімдері құрайды, – деді Мұрат Мұсатаев. 

Оның айтуынша, отандық экспорттаушыларды қолдау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы оларды мемлекеттік бағдарламаларға тарту бойынша жан-жақты шаралар қабылдауда.

Асқар Есенғазиев бизнеске қолдау көрсету барысында ҰКП экономиканы әртараптандыруға, экспортқа бағдарлануға, терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беретінін айтты. 

– ҰКП Сауда департаменті мен қаржы институттары арасында елімізде микробизнесті шағын бизнеске, шағынды орта бизнеске, ал ортаны ірі бизнеске айналдыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісім бар. Бұл қазақстандық өнімдердің әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік береді, – деді департамент директоры.

Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында бес миллион теңгеге дейін, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 28 миллион теңгеге дейін қолдау алуға болатынын еске салды. «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер 200 миллион теңгеге дейін, ал «Қазақстанның Даму банкі» АҚ желісі бойынша бір миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау ала алады. 

– Қазір біз барлық өңірлерді аралап жүрміз, бұл – біздің алғашқы іссапарымыз. Павлодарды әлеуеті жоғары, бай өңір ретінде таңдадық, – деді Асқар Есенғазиев.

Келесі аптада Президент кеңесшісімен экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың мәселелері талқыланатын отырыс өтеді. Онда түйткілдерді жедел әрі тиімді шешу, отандық өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету және экономиканы әртараптандыруды жеделдету мәселелері көтерілмек. Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер мен ішкі сауда желілерінің тізілімдерін жасақтады. Спикер ҰКП Қазақстанда тауар өндіруге және оларды ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығаруға кедергі келтіретін барлық әкімшілік тосқауылдарды жоюға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақстанның Даму банкі» АҚ Клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі Айнаш Қайбағарова мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде бизнеске түрлі валютада, оның ішінде теңгемен жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша қаржыландыру ұсынатынын айтты. 

– «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаржыландырудың басым бағыттары – энергетика, байланыс, көлік салаларындағы инфрақұрылым нысандарын құру және дамытуға бағытталған жобалар, өңдеу өнеркәсібі (металлургия, химия, мұнай-химия), ауыл шаруашылығы өндірісі, азық-түлік өнімдерін шығару және қызмет көрсету саласындағы нысандар, – деді ол.

Сақтандыру, кепілдендіру және қаржылық құралдарды іске асыру қызметтерін «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ көрсетеді. Бұл туралы агенттік өкілі Алтынгүл Төлегенова баяндады. Кәсіпкерлер өз сұрақтарын залдан және бейнеконференция байланысы арқылы қойды.