Павлодар облысында білім беру саласында шағым көбейген
Әсіресе ата-ана мен педагогтар арасында түсініспеушілік артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов мәлім етті.
– Соңғы кезде білім беру саласында шу көбеюде. Оның ішінде мұғалімдерден түскен өтініштер мен сауалдар көп. Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды, – деді аймақ басшысы.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина шудың көбейгенінің жалған емес екенін мойындады. Бұл мәселелерді шешу мақсатында мектеп қабырғасында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
– Осыған орай мектеп қабырғасында «Әдеп кеңесі» ашылды. Бұл кеңес білім бөлімдерінің өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп басшылығынан құралған жеті адамнан тұрады, – дейді Самал Айтқазина.
Оның айтуынша, егер де мәселе шешімін таппай жатса, білім беру бөлімі деңгейінде немесе облыстық басқарма деңгейінде қарастырылады. Өткен жылы «е-өтініш» қосымшасы арқылы мыңнан астам өтініш түскен. Ведомство басшысының жеке қабылдауында 41 педагогтың мәселесі қаралды.
Биылғы оқу жылынан бастап ата-аналарды педагогикалық-психологиялық қорғау орталықтары ашылды. Бұл орталыққа тәрбие ісінің мамандары, педагогтар мен психологтар жұмылдырылған.