Павлодарлық гимназияда наурыз көже мен бауырсақ таратылды
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында «Көже және бауырсақ.fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мектепте оқушылар мен мектеп ұжымына мерекелік шара ұйымдастырылды.
Сабақ арасындағы үлкен үзілісте балалар мен қызметкерлер наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Сыныптар бір-біріне қонаққа барды.
– Бұл Наурыз мерекесіне орай өткізетін шараларымыздың бірі. Мақсатымыз – Наурызды тек бір күн ғана тойламай, бірнеше күн қызықты қылып өткізу. Бұған дейін Амал күнін атап өтсек, алдыңғы күні спорттық шаралар ұйымдастырылды. Бүгін мектебіміздің аналары, әжелері Наурыз көже дайындап әкелді. Ал, мектеп асханасы бауырсақтар әзірледі. Бауырсақтарды әртүрлі етіп дайындадық, – деді мектеп директоры Шоқан Қалдыбаев.
Мерекелік дастарханнан 450-ге жуық оқушы және ұстаздар мен өзге де қызметкерлерден барлығы 600-ге жуық адам дәм татты.
Бүгін үшінші тоқсанның соңғы күні. Шараның тағы бір мақсаты – балаларға мерекелік қуаныш сыйлау және көктемгі демалысқа жақсы көңіл-күймен шығарып салу.
Шоқан Қалдыбаевтың айтуынша, енді көктемгі демалыстан кейін, сәуір айында гимназия Наурыз мерекесін кең көлемде тойлап өтетін болады.
– Себебі, біздің мектебіміз өңірімізде ашылған алғашқы қазақ мектептерінің бірі. Қазақи алғашқы интернатпыз. Ұлттық құндылықтарды, мәдениетімізді дәріптеу – біздің интернаттың да мойнында. Облысымызда белді мәдениет қызметкерлері, ақын-жазушылар осы мектембімізден түлеп ұшқан. Осы дәстүрді жалғастыру – міндетіміз, – деді Шоқан Қалдыбаев.
Наурыз мерекесін ауқымды түрде тойлау кезінде мектеп ауласында киіз үй тігу жоспарлануда.
Фото: Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты