Павлодарда балалар мен ата-аналар Ай мен жұлдыздарды бақылады
Қала тұрғындары обсерваторияда телескоп арқылы аспан денелерін тамашалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында балалар мен ересектерге арналған кешкі астрономиялық бақылау ұйымдастырылды. Іс-шара сағат 20:00-де басталып, екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Ашық ауа райының арқасында қатысушылар телескоп арқылы Айды жақыннан көріп, солтүстік жартышардағы шоқжұлдыздарды бақылады. Сонымен қатар аспан денелерінің орналасуы мен оларды бақылау ерекшеліктері туралы мәлімет алды.
Танымдық кездесуді Оқушылар сарайының ғылым және техника бөлімі ұйымдастырды. «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнар Баубекова қатысушыларға астрономия ғылымы мен жұлдызды аспанның ерекшеліктері туралы айтып берді.
– Астрономиялық бақылау – жұлдызды аспанды тамашалаумен ғана шектелмейді. Бұл – зерттеуге, ізденуге, сұрақтарға жауап табуға және өзіңді ұлан-ғайыр Ғаламның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін ерекше таным тәжірибесі, – деді педагог.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары обсерваторияға келіп, аспан денелерін бақылауға бұрыннан қызығушылық танытқан. Сондықтан кешкі бақылауларды барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді ету туралы шешім қабылданған.
Алдағы уақытта ауа райы қолайлы болса, келушілер Юпитер мен Сатурнды, сондай-ақ жұлдыздар шоғырын бақылауға мүмкіндік алады.