Павлодарда есірткі таратушы жігіт ұсталды
Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ворушин көшесі бойында 18 жастағы жұмыс істемейтін қала тұрғынын ұстады. Ол есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінді.
– Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын тексеру кезінде салмағы 28 граммнан асатын синтетикалық есірткі стимуляторлары болып табылатын заттармен 40 түйіншекті тауып алды, – деді департаментте.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабының 3-бөлігі – «есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция департаментінде адамның қылмыс жасағаны сотта дәлелденгенге дейін кінәсіз деп саналатынын еске салды.