Павлодарлықтар үшін «Ertis Promenade»-та тегін wi-fi қосылады
Келесі аптада орталық жағажайда ғаламторға тегін шығу мүмкіндігі пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айта кетейік, облыс орталығының қоғамдық орындарында тегін wi-fi орнату мәселесі бірталай көтерілген еді. Қала тұрғындарының Ертіс жағажайындағы интернеттің сапасына көңілі толмайтын. Енді бұл маңызды мәселе өз шешімін тапты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлім етті.
– Қазір wi-fi төрт нүктесі орнатылды. Оларды келесі аптада іске қосамыз. Тіпті, концерт кезінде смартфонның мобильді интернеті істемейді. Қоғамдық wi-fi жұмыс істей бастаған кезде тұрғындар әлеуметтік желіге рилс пен тікелей эфирді қиындықсыз түсіре алады, – деді Елнұр Өтебаев.
Аталған төрт wi-fi нүктесі бүкіл Ертіс жағалауы бойында емес, халық көп серуендейтін жерде орнатылды. Яғни, бас сахнаның жанында қолжетімді, жоғары жылдамдықты интернет қосылады.
Фото: Константин Шелков.