Екібастұзда заңсыз балық аулаған зейнеткер сот алдында жауап береді
Тұрғыннан 338 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 06:30-да Екібастұз қаласына кіреберісте 64 жастағы ер адамның басқаруындағы «Тойота» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан 12 қап табылды, онда 338 келі балық болды.
– Екібастұздық Солнечный кентінің жанындағы Шандаксор көлінде балық аулағанын түсіндірді. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды. Балықтар тәркіленіп, уақытша тоңазытқышқа салынды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Екібастұз полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.
Павлодар облысында «Уылдырық шашу» акциясы басталғаннан бері 62 факт анықталды. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы – «балық аулау ережелерін бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.