Павлодарда газ құю станциялары ереже бұзған

Павлодарда газ құю станциялары ереже бұзған
Фото: Pexels.com/Michael Kucharski

2031 жылға қарай Қазақстанда барлық станциялардағы газ резервуарлары жердің астына орналастырылуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков хабарлады. Оның берген ақпаратына қарағанда, облыстағы 94 газ құю станциясының 32-сі ереже бұзып жұмыс істеген.

- Көбі станцияны орналастыру бойынша қателіктерге жол берген. Мысалы, мұндай станциялар қоғамдық ғимараттардан 50 метр, ал көшеден он метр қашықтықта орналастырылуы тиіс. Біз былтыр аталмыш ереже бұзушылықтарды анықтап, станция иелеріне олардың орнын толтыру бойынша нұсқау бердік – бәрі түзетілді, - деді спикер.

Айта кетер жайт, жалпы Павлодар облысында ТЖД бақылауында 178 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, олардың құрамында 12 мыңнан астам қауіпті өндірістік объект тіркелген. 2025 жылы өндірістік қауіпсіз бойынша 1676 заңбұзушылық анықталып, 32 қауіпті объектінің жұмысы тоқтатылды. Бұл көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. 

Жоспардан тыс департамент азаматтардан түскен өтініштер бойынша тексеруге шығуы мүмкін. Мемлекеттік орган өкілдері айтқандай, арыздардың көбі «e-otinish» сервисіне келіп түседі, өтініштердің көбі кәсіпорындағы жұмыстан шығып қалғандар тарапынан жазылады.