Павлодар энергетиктері «Көктем-2026» жаттығуында дайындықтарын көрсетті
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңірде апаттық-техникалық бригадалар жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ және «ПЭТК» АҚ апаттық-техникалық командалары ықтимал су тасқынына толық дайын екендігін көрсетті.
«ПЭТК» АҚ басқару буындары облыстық күштер көрмесіне қатысып, қалалық электр желілерінің апаттық тобы теориялық білім мен техникалық әзірліктің жоғары деңгейін дәлелдеді. Құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар да тексерістен мінсіз өтті.
– 26 ақпанда Ақтоғай ауданында энергетиктер қардың қарқынды еруі жағдайында желілердегі апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын, инженерлік барлау жүргізуді, полиция және құтқарушылармен өзара іс-қимылды, сондай-ақ эвакуациялау сценарийлерін пысықтады. 25–27 ақпан күндері оқу-жаттығу шеңберінде Ақтоғай, Железин, Лебяжі, Қашыр және Май аудандарындағы бөлімшелер дайындыққа келтірілді. Жалпы ондаған маман мен арнайы техника жұмылдырылды, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқу-жаттығулар облыстың энергетикалық жүйесінің су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайын екенін растады.