Павлодарда мектеп оқушылары қалалық сайыста үздік нәтиже көрсетті
Елу пайызға жуық қатысушылар жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық білім бөлімінің «Павлодар дарыны» жұмыспен қамту және балалар дарындылығын дамыту орталығы 30 қаңтар күні Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп базасында «Мәшһүр Жүсіп оқулары» республикалық байқауының қалалық кезеңін өткізді.
Байқаудың мақсаты – қазақ жазушыларының әдеби мұрасын дәріптеу және оқушылардың классикалық қазақ әдебиетін оқуға деген қызығушылықты арттыру.
– Қаланың 34 жалпы білім беру мектебінен додаға 8-11-сынып оқушыларынан 80 қатысушы қатысты. Олардың 45-уі жүлдегер атанып, бірінші орынға – 5, екінші орынға – 15, үшінші орынға – 25 ие болды, – дейді ұйымдастырушылар.
Ережеге сәйкес конкурс төрт бағыт бойынша өткізілді.
Қатысушылар ақынның өлеңдерін және авторлық туындыларды жатқа оқыса, жас зерттеушілер ақынның өмірі мен шығармасына қатысты жобаларын қорғады.
«Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағытында бірінші орынға Ә.Бөкейхан атындағы лицей мектебінің 10-сынып оқушысы Сана Жылқайдарова, Б. Момышұлы атындағы мектептің 9- сынып оқушысы Әйгерім Хасанова ие болды.
Кезекті «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бағыты бойынша №33 мектептің 11-сынып оқушысы Дария Оразбек бірінші орын дипломының иегері атанды.
«Білімді зерек адам болам!» – десен, қара көзінді басқаның айнасымен» бағытында бірінші дәрежелі диплом иегері №33 мектеп оқушысы Динара Қайыржанова атанды.
Ал «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша бірінші орынды №21 мектептің 8- сынып оқушысы Айзере Нұрланова иеленді.
Барлық қатысушылар «Павлодар дарыны» жұмыспен қамту және балалар дарындылығын дамыту орталығының сертификаттарымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Қалалық байқаудың жеңімпаздары ағымдағы жылдың ақпан айында облыстық кезеңге жолдама алды.