Ертіс өзенінің жайылмасында қоян атқандар ұсталды
Төрт адам әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Үрлітүп орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің аңшытанушысы Рафхат Саржановтың айтуынша, ұсталғандардың бірінде аңшылық шаруашылығына жолдама болмаған.
– Тағы үшеуі Новомир ауылдық округінің жерлерінде аң аулау ережелері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, аңшылыққа шыққан, – деді Рафхат Саржанов.
Оларға жануарлар әлеміне залал келтірмегендіктен, тек ескерту берілді. Айта кетейік, Ертіс өзенінің жайылмасында аң аулауға қатаң тыйым салынады. Рафхат Саржановтың сөзінше, аңшы өз олжасын іздесе, қорғалатын аймақта қару-жарақпен, олжамен, иттермен және аң аулайтын жыртқыш құстармен бірге болған жағдайларда да жаза қарастырылады.
– Ертіс өзенінің жайылмасында заңсыз аң аулау, әкімшілік құқық бұзушылық заттары немесе құралы тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде (қазіргі уақытта – 258 440 теңге) айыппұл салуға не аң аулау құқығынан екi жылға дейiнгi мерзiмге айыруға әкеп соғады,– деді спикер.
Бұдан басқа, жануарлар әлеміне елеулі залал келтіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының тәртібімен қылмыстық жауаптылық көзделген және бұл әрекет үшін жаза әлдеқайда қатал болады.