Павлодарда волонтерлерге арналған республикалық тренинг өтті
Тренинг екі бөлімнен тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушылар сарайында волонтерлер мен аға тәлімгерлерге арналған «Волонтерлік қызметтің негіздері» атты республикалық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара қатысушыларға теориялық және әдістемелік дайындық беру, кәсіби құзыреттерді қалыптастыру, сондай-ақ балалар мен жастар ортасындағы әлеуметтік бастамаларды тиімді іске асыруға қажет құндылықтық және уәждемелік көзқарастарды дамыту мақсатында өтті.
Алдымен теориялық бөлімде қатысушылар волонтерлік жұмыстың мәні, қоғамдағы рөлі және қазіргі волонтерлік бағыттар жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Практикалық бөлімде тыңдаушылар алған білімдерін тапсырмалар мен жаттығулар орындау арқылы бекітіп, нақты жағдайларда қолдану дағдыларын дамытты.
Шараның ерекшелігі – ZOOM платформасы арқылы тікелей қосылу мүмкіндігі. Өңірдің қала және аудан жастары онлайн режимде қатысып, тренингке қашықтан қосылды. Бұл барлық қатысушыға тең мүмкіндік жасап, білім алуға қолайлы жағдай туғызды.
Тренингті «Ұлттық волонтерлік желісі» тренері Анна Пилипенко жүргізді. Ол волонтерлік саласындағы заманауи үрдістермен бөлісіп, жастарды жаңа идеялар мен бастамаларға шабыттандырды. Тренинг өңірдегі волонтерлік қозғалысты ілгерілетуге, жастар белсенділігін арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды шара болды.