Камин мен бар үстелі: Екібастұз мектебінің біртүрлі өтініші түсіндірілді
Мектептегі мемлекеттік сатып алу бойынша маман қателік жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімі және облыстық басқарма бірлесе отырып, қызметтік тексеру жүргізді. Оған мемлекеттік сатып алу сайтындағы Екібастұз қаласының №11 мектебі жариялаған талаптары себепші болды. Мекеме камин мен бар үстеліне конкурс жариялады.
Мектеп әкімшілігі білім ордасында заманауи «Teacher Office» мұғалімдерге арналған кабинетті жабдықтап жатқанын айтты. Ұстаздар ол жерде шай ішіп, демала алатын.
– Мектептің мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманы үстелдер тізілімінен таңдау кезінде техникалық ерекшелікті дұрыс таңдамады, – деді білім бері бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Комиссия мемлекеттік сатып алуды тоқтатуды ұсынды. Конкурсты заманауи мұғалімдер бөлмесінің тұжырымдамасына сәйкес техникалық сипаттаманың өзгеруімен қайта жарияланады.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры сөгіс алып, ал оны өткізу кезінде ережелерді бұзған маман қатаң сөгіс алды.
Лаура Дисюпованың сөзінше, биыл мектеп бес лот бойынша күрделі жөндеуден өтті. Ғимаратта кәріз және жылу жүйесі, санитарлық-техникалық құрылғылар, терезе блоктары мен есіктер, жұмсақ шатыр, сантехника және жарықтандыру жаңартылды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін білім бөлімінің мамандары барлық мектептердің басшыларымен кеңес өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік сатып алу сайтында №11 орта мектептің талаптары қоғам белсенділерін таңқалдырған болатын.