Павлодарда мыңға жуық салық төлеуші 20 млрд теңгеге тауар мен қызмет сатып алған
Мұндай шығыстардың бір бөлігі 2026 жылдан бастап салықтық шегерімге жатқызылмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін 890-нан астам салық төлеуші оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын 12 мыңнан астам жеткізушіден 20 миллиард теңгеге жуық тауар, жұмыс және қызмет сатып алған.
2026 жылдан бастап мұндай контрагенттерден сатып алуға жұмсалған шығыстар корпоративтік және жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылмайды. Бұл талап Салық кодексінің 286-бабында қарастырылған.
Департамент талдамалық мониторинг барысында АСР қолданатын жеткізушілермен миллиондаған теңгеге мәміле жасап, шығындарын көрсету арқылы салықтық міндеттемелерін азайтатын кәсіпкерлік субъектілерін анықтаған.
– Мәселен, бір қызметкері бар компания биылғы бірінші жартыжылдықта АСР қолданатын жеті салық төлеушіден 140 миллион теңгеге қызмет сатып алған. Өткен жылы аталған компанияның барлық шығысының 83 пайызы АСР қолданатын 36 жеткізушімен байланысты болған. Жыл қорытындысында кәсіпорында 350 миллион теңге көлемінде шығын қалыптасқан, – делінген хабарламада.
Тағы бір компанияда айналым 1,2 миллиард теңгеге немесе 85 пайызға өскеніне қарамастан, сатып алу көлемі 700 миллион теңгеге төмендеген. Оның 609 миллион теңгесі АСР қолданатын жеткізушілерге тиесілі. Сонымен қатар корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер 167 миллион теңгеге азайған.
Мемлекеттік кірістер департаменті мұндай салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органдарының ерекше назарында болатынын ескертті.
Ведомство кәсіпкерлерге АСР қолданатын жеткізушілерден алынған тауарлар мен қызметтер бухгалтерлік есепте шығыс ретінде көрсетілгенімен, КТС немесе ЖТС декларациясында салық салынатын табысты азайтпайтынын еске салды.
Шектеу тек оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданатын контрагенттерге қатысты. Өзге салық режиміндегі жеткізушілермен жасалған мәмілелер бойынша шығыстар растайтын құжаттар болған жағдайда жалпы тәртіппен шегерімге жатқызылады.