Павлодарда прокуратура «Сүт» АҚ құқығын қорғады

Павлодарда прокуратура «Сүт» АҚ құқығын қорғады

Прокуратура органдары Президенттің тапсырмасы бойынша маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс аумағында 30 инвестор 2,1 трлн теңгеге өз жобаларын іске асыруда.

– Уәкілетті органдар тарапынан инвесторлармен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны, өзара іс-қимылдың жоқтығы және олардың заңды құқықтары бұзылғаны анықталды.  Павлодар қаласының әкімдігі сәулет заңнамасының талаптарын бұза отырып, қаланың бас жоспары өзгерген кезде «Сүт» АҚ жұмыс істеп тұрған зауытын жаңа орынға көшіру туралы мәселеге бастамашылық жасаған, – дейді баспасөз қызметінде. 

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 47-бабы 3-тармағының нормалары бұзылған.

 Инвестордың айтуынша, орналасу жерін өзгерту ірі қаржылық шығындарды қажет еткен.

 Облыс прокуратурасының қадағалау актісі бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды бұрынғы жер учаскесінде сақтау туралы шешім қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Айта кетейік, инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында облыс прокурорының өкімімен фронт-офис құрылды және тәулік бойы мобильді топ жұмыс істейді. Байланыс телефоны: 8-707-960-76-55.