Екібастұзда өндірілетін теміржол дөңгелектері Германия нарығына шығуда

Екібастұзда өндірілетін теміржол дөңгелектері Германия нарығына шығуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазір зауыт дөңгелектерді жеткізу үшін сертификаттау рәсімінен өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» зауытының өнімдері Германияның жетекші теміржол операторы «Deutsche Bahn-ның» қызығушылығын тудырып отыр.

ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков «DB Engineering & Consulting GmbH» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Аталған компания – «Deutsche Bahn AG» теміржол корпорациясының еншілес кәсіпорны. Делегацияны халықаралық нарықтар және консалтинг жөніндегі басқарушы директор Штефан Майкл Гайспергер мен Орталық Азия бойынша атқарушы директор Ральф Майкл Напель бастап келді.

Кездесуде Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС зауытынан «Deutsche Bahn» үшін теміржол дөңгелектерін жеткізу мәселесі қаралды. Қазіргі таңда кәсіпорын еуропалық талаптарға сай сертификаттау рәсімінен өтуде.

Тараптар болашақта жеткізілетін өнімнің номенклатурасын кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады. Вице-министр мен Штефан Гайспергер екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, жобаның табысты жүзеге асуына және әріптестік қатынастарды нығайтуға ниет білдірді.