Павлодарда отбасылар бірлік пен дәстүрді дәріптеуден бақ сынасты

Павлодарда отбасылар бірлік пен дәстүрді дәріптеуден бақ сынасты
Фото: автор

Іс-шара өскелең ұрпақтың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Family Day» жобасы аясында «Менің отбасым – менің байлығым» облыстық байқауының финалы өтті. Оған өңірдің әр ауданынан келген сегіз отбасы қатысты.

Байқау отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталып, қатысушылар өзара сыйластықты, сүйіспеншілік пен бірлікті паш етті. Бағдарлама аясында әр отбасы өздерінің «визиттік карточкаларын» ұсынып, салт-дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарын таныстырды. Сонымен қатар сахналық қойылымдар, ән мен би, бейнероликтер арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Ал «Біз – бір командамыз» зияткерлік кезеңінде отбасылар білімдері мен ұйымшылдығын дәлелдеді.

Байқау ұйымдастырушысы, Оқушылар сарайының әдіскері Бақыт Аралбаева жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Аталмыш жарыс «Family Day» жобасы аясында өтіп, өңірімізде жақсы дәстүрге айналды. Негізгі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды нығайту, дәстүрлерді сақтау және рухани мұраны ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу. Айта кету керек, бұл - тек жарыс емес, отбасыларды жақындастыратын, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгінгі байқауда Ертіс, Май, Аққулы, Шарбақты аударынан және Ақсу мен Екібастұз қалаларынан келген отбасылар бақтарын сынайды, – деді ол.

Жарысқа қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті. Екібастұз қаласынан келген Игорь Ефимцевтің отбасы бұл шараның олар үшін ерекше маңызға ие екенін алға тартты. 

– Біздің жанұя бес адамнан тұрады. Үш бүлдіршініміз бар: екі ұл және бір қыз. Бүгін біз өз құндылықтарымызды, махаббат пен достығымызды дүйім жұртқа көрсетуге келдік. Мұндай байқаулар отбасы мүшелерін жақындастырады. Күнделікті өмірде жұмыс және оқудан қол босамайды, осындай шараларға дайындалғанда бір-бірімізді тануға керемет мүмкіндік туады. Биыл отасқанымызға 13 жыл толады, – деді Ефимцевтер жанұясының отағасысы.

Ал Май ауданынан келген Баукеновтер отбасысы жанұя ішінде бала тәрбиесін басты орынға қояды.Олар балаларға еркіндік бере отырып, қазақы салт-дәстүрлердің қатаң сақталғанын қадағалайды.

– Біз бұл байқауға дейін мектепішілік, аудандық кезеңдерден өттік. Отбасы, мектеп және қоғам бірлесіп бала тәрбиесіне ықпал етуі керек. Бүгін Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі негізінде отбасылық құндылықтарды сахналап көрсетеміз. Біздің отбасымызда бауырмалдық, қонақжайлық және үлкенге құрмет қағидаттары ерекше орын алады, – деді Гаухар Баукенова.

Бүгінде Гаухар Баукенова аудандағы мектепте қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша сабақ береді. Ұстаз болып қызмет етіп жүргені 15 жыл толды. Ал жұбайы болса ауданда тіс дәрігері. Оның сөзінше, олардың отау құрғандарына жиырма жылдан асты.

– Балаларымыздың тәрбиесімен олардың аталары айналысады. Оның жасы 70-те. Қазақта бекер айтпайды ғой: «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп. Біздің ата көпті көрген, оқыған, тоқыған жан. Оның әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері. Сондықтан да немерелеріне қайсарлық пен батылдық қасиеттерді бойына сіңіріп өсіруде, – деді ол.

Іс-шара «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Байқау соныңда жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, қалған қатысушыларға ұйымдастырушылардың атынан арнайы сертификаттар табысталды.