Павлодарда отбасылардың психологиялық әл-ауқатын арттыру жолдары талқыланды

Павлодарда отбасылардың психологиялық әл-ауқатын арттыру жолдары талқыланды
Фото: pexels.com / Timur Weber

Жиында өңірде кәмелетке толмағандар арасында оннан астам суицид әрекеті тіркелгені айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты жанындағы «Психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу» бағыты бойынша жұмыс тобы мен отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауы аясында отбасы саясаты мен азаматтардың психологиялық әл-ауқатын нығайту мәселелері қаралды. Шараға облыстық білім беру басқармасының, құқық қорғау және әлеуметтік қызметтердің өкілдері мен тәжірибелі психологтар қатысты.

– Білім беру басқармасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 9 айында өңірде кәмелетке толмағандар арасында 13 суицид әрекеті тіркелген, өлім жағдайлары жоқ. Оның төртеуі колледж студенттері, тоғызы мектеп оқушылары арасында. Дегенмен, көрсеткіштің 13,3%-ға төмендеуі профилактикалық жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Кеңес төрайымы Марина Стрелковская тамыз айынан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін «2808» сенім телефонының маңызын атап өтті. Психологиялық қолдау орталығының мамандары отбасылармен жұмыс істеп, қиын жағдайға тап болған балалар мен ата-аналарға көмек көрсетеді. Сондай-ақ олар 111 желісімен бірлесіп әрекет етеді, бүгінге дейін 39 өтініш қаралған.

Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Топ бір апта ішінде жиналып, нақты шешімдер пакетін дайындайды. Қорытынды ұсыныстар «AMANAT» партиясының Орталық аппаратына жолданады.