Павлодарда саяжайдағы қауіпсіздік күшейтілді
Тәртіп сақшылары өрт қауіпсіздігі мен қасақана өрт қоюдың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полицейлер саяжай тұрғындарына өрттің тек отты абайсыз пайдаланудан ғана емес, сондай-ақ қасақана әрекеттердің салдарынан да орын алуы мүмкін екенін ескертті. Қараусыз қалған қоқыс, құрғақ өсімдіктер және басқа да тез тұтанатын материалдар өрттің шығуына себеп болып, азаматтардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін.
Тұрғындарға учаске аумағын құрғақ шөп пен қоқыстан уақтылы тазалау, тез тұтанатын материалдарды ғимараттардың маңына жинамау және іргелес аумақтың жағдайын бақылауда ұстау ұсынылды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары электр жабдықтары мен тұрмыстық құралдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін еске салды. Саяжай иелері электр сымдарының жарамдылығын қадағалап, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеуі және қосулы тұрған электр құрылғыларын қараусыз қалдырмауы тиіс.
Сондай-ақ полицейлер белгіленбеген орындарда от жағуға, құрғақ шөпті, қоқысты және өсімдік қалдықтарын өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып өртеуге жол берілмейтінін атап өтті. Мангалдар мен пештерді пайдаланар алдында олардың жанында тез тұтанатын заттардың жоқ екеніне көз жеткізіп, жұмыс аяқталғаннан кейін отты толықтай сөндіру қажет.
Аралау барысында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, азаматтарды қырағы болуға шақырды. Күдікті адамдарды, өрттің белгілерін немесе басқа да төтенше жағдайларды байқаған жағдайда, дереу тиісті жедел қызметтерге хабарлау қажет.
Тәртіп сақшылары қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау және айналадағы жағдайға мұқият болу азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін сақтауға көмектесетінін атап өтті.