Павлодар облысында экологияға немқұрайлық танытқан әкімдер жазаланды
Олар заң бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбековтың айтуынша, заңсыз қоқыс тастау мен полигондардың жағдайы өңірдің экологиялық ахуалына тікелей әсер етеді.
– Экология департаменті тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Соның арқасында бүгінде жүйелі шаралардың нәтижесінде оң өзгерістер байқалып отыр. Бақылау жұмыстары «Қазақстан Ғарыш Сапары» геопортал деректері мен жергілікті атқарушы органдардың ақпараттары негізінде жүзеге асырылады, – деді департамент басшысы.
Бүгінге дейін өңірде 248 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның ішінде 244 үйінді толығымен жойылып, қалған төртеуі бойынша ақпарат расталмаған.
Осылайша, өңірде 100 пайыз заңсыз қоқыс орындары жойылған деп есептеледі. Атап айтқанда: Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында, Павлодар, Баянауыл Ақтоғай, Аққулы және Успен аудандарында қоқыс үйінділерінің көп бөлігі тазартылды.
– Облыста экологиялық тазалық қамтамасыз етілді. Бұл – жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғаушылармен бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесі, – деп бөлісті Қанат Мұсапарбеков.
Департамент басшысы атап өткендей, экологиялық бақылаудың жүйелілігін қамтамасыз ету үшін басшылық тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Оның ішінде, әрбір анықталған факт туралы ақпарат әлеуметтік желілерде ашық жарияланып, халықтың қатысуымен қоғамдық бақылау тетігі іске қосылуда.
Осы жылы экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 12 ауылдық округ әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 353 880 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жастар мен еріктілер қозғалыстары, қоғамдық ұйымдар белсенді қатысып, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында түрлі акциялар мен сенбіліктер ұйымдастыруда.