Павлодарда заңсыз есірткі жарнамалары өшірілді
Облыс полицейлері «Көлеңкедегі қаһарман» чат-ботының көмегімен есірткі граффитиін жойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала аумағында «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының қолдауымен 2024 жылы есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын бояу бойынша алғашқы ауқымды рейд өткізілді.
– Еріктілер полицейлермен бірге қаланы аралап, бояу құтыларының көмегімен адамның санасын өзгертетін қауіпті заттардың жарнамаларын жойды. Жазулар үйлердің қабырғаларында, оқу орындарының жанында және қаланың басқа да әртүрлі құрылыстарында орналасқан, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
«Ертіс» шаңғы базасы ауданында есірткіні қолдану мен таратуды насихаттайтын жазулар жазылған. Қала бойынша 12 ғимараттан заңсыз есірткі жарнамасы алынып тасталды. Жазулар Астана, Торайғыров, Академик Шөкин, Академик Сәтбаев көшелерінде және «Ертіс» шаңғы базасы ауданында орналасқан үйлерден табылды.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 37 келі есірткі және психотроптық заттарды тәркіледі. Сондай-ақ, есірткі сататын 44 интернет-ресурс бұғатталған, көбі чат-боттың көмегімен жүзеге асырылды.
Спикердің айтуынша, прокуратура қызметкерлерін, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері мен азаматтарды біріктірген Telegram мессенджеріндегі «Көлеңкедегі қаһарман» чат-боты өткен жылдың желтоқсан айында құрылды. Бүгінде чатқа күніне бес хабарламаға дейін түседі. Әрқайсысы мұқият тексеріледі. Чаттың негізгі мақсаты – тәулік бойы есірткінің заңсыз айналымы саласындағы түрлі құқық бұзушылықтар туралы хабарлау. Алынған ақпарат облыстың қалалары мен аудандарындағы «нақты нүктелерді» мұқият талдауға және анықтауға мүмкіндік береді.