Жылу тарифтерінің өсуі Екібастұзда инфрақұрылымының тозуын тоқтатты
Ставкаларды көтеру есебінен ЖЭО жұмысшыларының жалақысы өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «әкіммен 90 минут» телебағдарламасының тікелей эфирінде 2022 жылғы желтоқсанда Екібастұздағы төтенше жағдайдың көптеген проблемалардың бетін ашқанын еске салды. 60 және одан да көп жыл бұрын салынған облыстың және бүкіл Қазақстанның барлық инженерлік инфрақұрылымы тозған. Ол мұндай жоғары тозу жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті.
– Мен жаңғырту тек тарифтердің қымбаттауы есебінен жүзеге аспауы тиіс екендігімен келісемін. Сондықтан біз бұл көрсеткішті тежеуге және 14-15 пайыздан артық өсуге жол бермеуге тырысамыз. Дегенмен, жаңғырту үшін қаржыландыру көздері қажет. Егер біз инфрақұрылымды жаңартуды жоспарласақ, тарифтерді біртіндеп арттыру қажет. Бұл үшін орташа жалақының өсуі қерек. Бұған өз кезегінде экономиканың өсуі ықпал етеді, – деді өңір басшысы.
Оның пікірінше, кәсіпорындар өз жұмысшыларының жалақысын арттыру және дамыту үшін аймақта қолайлы бизнес-климат құру қажет.
–Тарифтердің өсуін, әрине, ұстап тұру мүмкін емес, өйткені барлығы дерлік, соның ішінде көмір мен жанар-жағармай материалдары да қымбаттауда. Бірақ ең бастысы – жалақы өсуде. Айталық, Екібастұз ЖЭО-да жұмысшылардың жалақысы тарифті көтеру есебінен екі есеге өсті, яғни төтенше жағдайға дейін олар 180 мың теңге алса, бүгінгі таңда 360 мың теңге алады. Уақыт өте келе орташа жалақы 400 мың теңге болады. Бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз ететін осындай маңызды стратегиялық нысандарды білікті мамандарсыз қалдыруға болмайды, – деді Асайын Байханов.
Ол облыс басшылығы жергілікті тұрғындар үшін тарифтердің өсуін қалай жеңілдетуге тырысатынын айтты. Екібастұздықтар үшін жылу 27 пайызға қымбаттады, бірақ бюджеттік ұйымдар үшін мөлшерлеме 90 пайызға, кәсіпорындар үшін 40 пайызға өсті. Басқаша айтқанда, Екібастұздың әлеуметтік нысандарын жылумен жабдықтауға жұмсалған шығындар өткен жылмен салыстырғанда бюджетке төрт миллиард теңгеге көп шығын келтірді. Бұл қаражат инфрақұрылымды, оның ішінде жылу желілерін жаңғыртуға бағытталды.
Облыс әкімі өңірде желілердегі жөндеу жұмыстарының көлемі бес есе артқанын айтты. Бұл барлық сұраныстарды әлі қамтымайды, сондықтан тозу деңгейі бір жарым пайызға ғана төмендеді. Бірақ қол жеткізген ең маңызды нәрсе – тозудың одан әрі өсуін тоқтату. Бұл соңғы бірнеше онжылдықтағы алғашқы жетістіктердің бірі.