Павлодарлық Ауған соғысының ардагері: Танкіде өмір сүрдік
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Ауғанның асуында от кешкендер» атты Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Іс-шара Тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, Отанын сүюге тәрбиелейді. Оған № 55/12 әскери бөлімі, мектеп оқушылары және соғыс ардагерлері қатысты.
Ауған соғысы – 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Соңы аяқталмас соғысқа ұласқан бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды.
1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысына Қазақстаннан жалпы саны 22 мың 269 жауынгер қатысқан. Қазір елде ауған соғысына қатысқан 17800 адам тұрады.
– Мен Шарбақты ауданы Қызылтаң колхозының Жылыбұлақ елді мекенінде туып өскенмін. 1979 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылдым. Кейін Ауған жерінде көтеріліс, революция басталды. Кеңес Үкіметі жедел түрде көмек көрсетуге тырысты. Тез арада бұйрық шығарылды. Осылайша жарты айлық дайындықпен Кабул қаласына соғысқа аттандық, – деп еске алады соғыс ардагері Қайрат Какашин.
Соғыс ардагері операцияларға шыққан сәтте жан-жақтан қоршап атқылаған қорқынышты дыбыстардың ортасында өлім мен өмірдің арасында арпалысқанын айтады. Бастапқыда тұрғылықты жерлері болмағандықтан, танкіде өмір сүрген. Осылайша дұшпандарға қарсы тойтарыс беріп, Отан алдындағы қызметтерін абыроймен адал атқарған.
– Бүгінде Ауған соғысына қатысушылардың мәртебесі Тәжік-Ауған, Қарабақ соғысының қатысушылары мен жалғызбасты аналармен тең келеді. Дегенмен, алдағы уақытта Ауған соғысының қатысушыларына жеке мәртебе берілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол.
Кеш барысында соғыс ардагерлері болашақ жастарға білім алуға, тәжірибе жинауға, спортпен шұғылдануға кеңес берді.
Айта кетейік, Ауған соғысына қатысқан ардагерлерге барынша көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда облысында 700-ден аса, ал Павлодар қаласында 340-қа жуық Ауған соғысының ардагері бар.