Ақсулықтар ұлы өнер иесінің үнін қайта естиді
Кеш қонақтарында мерейтой иесінің дауысы сақталған сирек әндерді тыңдауға мүмкіндік туады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хасен Байырмановтың 120 жылдық мерейтойына арналған республикалық «Жай қоңыр-ғұмыр» атты өнер фестивалі өтеді. Шара Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтеді. Фестивальдің мақсаты – қазақ театры сахнасын биіктетіп, төл өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтау, оның өнегелі өмірі мен даналығын жас ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу.
Кеш барысында көрермен назарына Хасен Байырмановтың өмірі мен өнері туралы арнайы түсірілген бейнефильм ұсынылады. Сонымен қатар, жиында дәстүрлі ән өнерінің думанды мерекесі ұйымдастырылады.
Атаулы мерекеге өнер саласының көрнекті өкілдері қатысады. Қонақтар арасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Ербол Айтпаев, Сәрсенғали Жүзбай, Толғанбай Сембаев, Нұржан Жанпейісов және басқа да өнер тарландары бар.
Айта кетейік, Хасен Байырманов Құркөл ауылында туған. Саналы өмірін Семей театрының сахнасында өткізген. 1930 жылы ауыл мектебінен сауат ашқан жас әртіс Қазақ драма театрына қабылданып, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Жапал рөлі, Ж.Шаниннің «Шахтасы» мен «Торсықбайы» спектакльдеріндегі рольдерде шебер өнер көрсеткен.
Сонымен қатар, ол халық әндерін орындауда да ерекше дарынмен танылды. Әнші Ахмет Жұбанов оның Естай Беркімбайұлының «Жай қоңыр» әнін орындауын жоғары бағалаған. Сондай-ақ, ол Иса Байзақовтың «Желдірмесін» өзгеше айтатын әншілердің бірі болған.
Іс-шара 10 желтоқсанда сағат 16:00-де Ақсу қаласының Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет үйінде өтеді.