Павлодарда «ТАЗА VIBE» жастар эко-флешмобы өтеді
Ұйымдастырушылар жастарды экологиялық бастамаға үлес қосуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымды шараны Павлодар облыстық «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының штабы Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қолдауымен жүзеге асырмақ.
Табиғат жанашырлары 5 маусым күні шаңғы базасы аумағында «ТАЗА VIBE» жастар эко-флешмобы өткізуді қолға алды. Осылайша олар өңірдің белсенді жастарын жарқын экологиялық шараға шақырып отыр.
– Бұл күні біздің белсенділер жағалау аумағын экологиялық тазартуға қатысып, қоқысты бөлек жинайтын болады. Бұдан бөлек, қатысушыларды интерактивті эко-ойындар мен командалық эстафеталар, фотобайқау жұмыстарының көрмесі, фото және бейнебайқау жеңімпаздарын марапаттау мен командалық рух, белсенділік және қоршаған ортаға қамқорлық атмосферасы күтеді, - дейді ұйымдастырушылар.
«ТАЗА VIBE» — бұл жай ғана іс-шара емес, қаланың тазалығына өз үлесіңді қосып, азаматтық жауапкершілікті танытып, уақытты пайдалы әрі қызықты өткізудің тамаша мүмкіндігі болмақ.
Экологиялық сенбілікке қатысуға ниеттілер Шаңғы базасы, Усолка 2А мекен-жайына 5 маусым күні сағат 12:00-де жиналатынын еске саламыз.