Павлодар облысында орман мекемелерінің жағдайы жақсарады
Орманшылықтарға өрт сөндіру көліктері мен керекті құрал-жабдықтарды сатып алу процесстері жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
– Облыс әкімдігінің қарамағында орналасқан үш орман мекемесі материалдық техникалық жарақтандыруы 63%-ды құрайды. Ал «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бұл көрсеткіш 75%-ды құрап отыр, – деді Руслан Төлепбаев.
Оның сөзінше, биыл резерват бойынша бес техника сатып алу көзделген. Ал Максим Горький, Үрлітүб, Павлодар мекемелеріне техника облыс қаражатынан қосымша қаражат бөлінеді. Яғни, жылдың аяғына қарай материалдық техникалық жарақтандыруы көрсеткішін 63%-дан 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда.
– Қосымша жетіспейтін өрт сөндіру көліктері, аспалы бүріккіш, өрт сөндіру тракторлары, шағын патрульдік кешен сияқты техника алынады, – деді Руслан Төлепбаев.
Алайда тозығы жеткен материалдық жабдықтар әлі күнге дейін де бар. Бүгінде орман шаруашылығындағы 30% техникасы есептен шығаруға жатады.
– Биыл материалдық техникалық базаны нығайтуға 355,2 миллион теңге қаражат көзделген. Облыстық бюджеттен Максим Горький, Үрлітүб, Павлодар мекемелеріне 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, – деді Руслан Төлепбаев.
Айта кетерлігі, Шалдай резерватында шыққан ірі өрттен кейін Алматы облысы екі өрт сөндіру көлігін берген еді. Жылдың соңына дейін резерват қосымша шағын өрт кешендерімен толығады. Бүгінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде екі жаңа шағын өрт кешені сатып алынды. Олар Долбы және Жасыбай филиалдарына беріледі.