Павлодар облысында қырда адасып кеткен ауыл тұрғыны табылды
Ер адам Май ауданы Ақшиман ауылының аумағында Қырлыбет жайылым нүктесінің маңында жоғалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшылығы Василий Склярдың атына Баянауыл ауданының тұрғыны Әсет Матаевтан тәртіп сақшыларға алғысын білдірген Алғыс хат келіп түскен.
– 20 қаңтарда кешкі сағат 18.00 шамасында жайылымға шыққан едім, алайда түннің батуына байланысты бағдар жоғалтып, адасып кеттім. Бұған қоса, көлігім қирап қалды. Әрі қарай жол таба алмадым. Ұялы байланыс желісі жоғалып кетті. Біраз уақыттан кейін ұялы байланысты тауып, әйеліме адасқанымды хабарладым, – дейді Әсет Матаев.
Жұбайы дереу 102 шұғыл нөміріне хабарласқан. Осылайша Май және Баянауыл аудандары полиция қызметкерлерінің барлық бөлімшелері, сондай-ақ Ақшиман ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Жанболат Достаевтың жедел әрекеттері арқасында адасқан адам табылған.
Фото: Константин Шелков