Павлодарда тозу деңгейі аса жоғары жылу желілері қайта жаңғыртылуда
Жобаны іске асыру мерзімін қысқарту үшін ол бірнеше бөлікке бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов мәлім еткендей, негізгі учаскелердің бірі – Құдайбердиев – Гагарин – Назарбаев даңғылы – Вторая южная көшелері аралығындағы ЖК-144. Бұл жерде Жаяу Мұса көшесіне дейін жаңа желілер тартылуда. Аталған аумақта 31 көпқабатты тұрғын үй мен 13 нысан орналасқан. Өткен жылы бұл учаскеде 55 апат тіркелгендіктен, қазір желілер толықтай ауыстырылып жатыр.
– ЖМ-42 учаскесінде, Мақатаев пен Баймолдин көшелері маңында тозу деңгейі 97 пайызға жеткен. Соңғы үш жылда мұнда 64 апат болған. Ал Ломов – Академик Шөкин – Академик Марғұлан – Мәшһүр Жүсіп көшелері аралығындағы ЖК-215 желілерінің тозуы шамамен 99 пайызды құрайды. 2023-2025 жылдары мұнда 48 зақымдану тіркелді, – деді спикер. – Ескі металл құбырлардың орнына заманауи полипропилен құбырлары қолданылуда. Жалпы аталған үш учаске бойынша ыстық су беру 20 маусымға дейін қосылады деп жоспарланып отыр.
Қайта жаңғыртудың екінші кезеңіндегі Майра – Ткачёв – Академик Сәтбаев – Бекхожин көшелері аралығындағы жұмыстарды 15 маусымға дейін аяқтау жоспарланған.
Қазіргі таңда ескі коммуникациялар бөлшектеліп, жаңа магистральдық құбыр орнатылуда. Мердігер ұйым барлық қажетті материалдармен және жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары қала тұрғындары үшін апаттық ажыратулар санын едәуір азайтып, ыстық судың өшірілу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді деген үміт білдірді.