Павлодар облысының әкімі өңірдегі үш ірі жобаның жүзеге асуын тексерді

Павлодар облысының әкімі өңірдегі үш ірі жобаның жүзеге асуын тексерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір басшысы жаңа көпірдің, мектептің құрылысы мен KSP Steel кәсіпорнындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің мәліметінше, жұмыс сапары барысында Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдегі құрылыс жұмыстарының барысы қаралды. Қазіргі уақытта нысанда аралық құрылымдарды монтаждау жалғасуда.

– Қазіргі таңда жұмыстың 58%-ы орындалды. Бұл нысан Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір болып, өңірдің көлік инфрақұрылымындағы маңызды буынға айналады, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Әкім сондай-ақ KSP Steel кәсіпорнында болды. Кәсіпорында жаңа инвестордың келуі және жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары өндірістік көрсеткіштердің өсуіне ықпал еткен.

Биыл зауытқа 11 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Өнім шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында кәсіпорын 116,7 мың тонна өнім өндірген.

Жұмыс сапары барысында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы да тексерілді. Жоба жақын маңдағы білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта нысанда үшінші қабаттың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қолға алынған.

Асайын Байханов барлық жобалардың өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.