Инфрақұрылымнан жайлы ортаға дейін: Павлодарда қандай өзгерістер болды?

Инфрақұрылымнан жайлы ортаға дейін: Павлодарда қандай өзгерістер болды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2025 жылы Павлодар қаласында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар табысты іске асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауықтыру орталығында тұрғындармен кездесу өткізуде. 

Қала дамуының негізгі басымдықтарының бірі – тұрғындарды жылумен, ауызсумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ағымдағы жылы жылыту маусымы 10 қыркүйекте басталып, 1 қазанға дейін қаланың барлық тұрғын үйлері толықтай жылумен қамтылды.

Бұл бағытта атқарылған маңызды жобалардың бірі – Павлодардың оңтүстік бөлігіндегі 400-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің жылумен қамтылуын күшейткен ТМ-20А жылу магистралінің құрылысы. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы екі шақырымнан асатын жылу желілерінің он учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Қазіргі таңда ТМ-31 кері құбырында ПНС-5 айдамалау сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жоба аясында заманауи әрі жоғары технологиялық жабдықтар орнатылуда. Бұл өз кезегінде қаланың орталық бөлігі мен Ертіс жағалауы аумағындағы жылу-гидравликалық режимді айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Қала әкімінің айтуынша, қала инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

–  Қаланың көріктендірілуіне де ерекше назар аударылды. Биыл Павлодардың әртүрлі шағынаудандарында 18 шағын сквер абаттандырылды. Сонымен бірге Лермонтов көшесінің реновациясы толық аяқталды. Аталған аумақта жаңа демалыс аймақтары құрылып, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жаңартылды, веложолақтар салынды, шағын сәулет нысандары мен спорт алаңдары орнатылды, – деді қала әкімдігінде. 

Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары да жалғасын тапты. Орталық жағалауда шолу алаңы қайта жаңғыртылып, автоматтандырылған суару жүйесі іске қосылды, брусчатка мен жарық торшерлері жаңартылды.

–  Лермонтов және Назарбаев көшелеріндегі 700-ден астам ағаш сәндік жарықпен безендірілді. Сонымен қатар, 17 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне архитектуралық жарықтандыру орнатылды, – деді әкімдікте. 

Аулалар ішіндегі аумақтарды абаттандыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 60 балалар ойын алаңы орнатылған. Қаланың спорттық инфрақұрылымы жаңартылып, жасанды жабындысы бар тоғыз шағын футбол алаңы пайдалануға берілген.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында көгалдандыру жұмыстарына да басымдық берілді. Ағымдағы жылы қала аумағында 20 мыңнан астам ағаш отырғызылған.

–  Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бүгінгі таңда 115 заманауи қоқыс алаңы абаттандырылып, 1500-ден астам еуроконтейнер орнатылды, – деді жергілікті атқарушы органда. 

Бұдан бөлек, жол инфрақұрылымын дамыту аясында биыл 15 магистральды көшеде жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын жолдар асфальтталған. Сонымен қатар, жеке сектордағы 12 көшеде тоғыз шақырым жол жөнделді. 70 мың шаршы метр аумақта шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және тұрғындардан түскен өтініштерді ескере отырып, қалада 13 жаңа бағдаршам нысаны орнатылған. Жол жөндеу жұмыстары барысында тұрғындар тарапынан жиі көтерілген проблемалы учаскелерге ерекше назар аударылған.