Павлодар облысында 1-сыныпқа қабылдау басталады
Биыл бірінші сыныпқа 6-7 жасқа толатын балалар қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс мектептерінде балаларды 1-сыныпқа қабылдау емтихансыз жүзеге асырылады. Құжаттарды ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 31 тамызына дейін тапсыруға болады.
– Ата-аналар үшін өтініштер мен құжаттарды тапсыру автоматтандырылған режимде іске қосылды. Ата-аналар өтінімді «Электрондық үкімет» веб-порталына www.egov.kz сайтында немесе білім беру мекемесіне құжат жүзінде тапсыра алады, – деп жазылған хабарламада.
Балалар мектепалды даярлықты балабақшалардың мектепалды топтарында және мектептердің бес жастан бастап қабылданатын мектепалды сыныптарында (нөлдік сыныптар) өте алады.
Мамандандырылған мектептер балаларды бесінші сыныптан бастап оқуға қабылдайды.
Мектепке www.egov.kz порталы арқылы қабылдау алгоритмі келесідей:
- www.egov.kz электрондық үкімет сайтына өтіңіз;
- порталда тіркелу;
- «Білім беру» - «орта білім беру» - «білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, арнайы) бөліміне өту;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беруді» таңдаңыз;
- қажетті мәліметтерді толтырыңыз;
- сканерленген құжаттарды тіркеңіз;
- ЭЦҚ-мен растаңыз.
Айта кетейік, интернет арқылы өтініш бере алмайтын ата-аналар үшін мектептерде компьютер және сканермен жабдықталған қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған.